2014 жылғы 24 желтоқсан, Астана қаласы
Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің 140-бабына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесі бекітілсін.
2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Әділет министрінің орынбасары Б.Ж. Әбдірайымға жүктелсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Б.ИМАШЕВ.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы
24 желтоқсандағы №372 бұйрығымен бекiтiлген
Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын
жалақының және (немесе) өзге де кiрiс түрлерiнiң
тізбесі
1. Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға осы тiзбенiң 2-тармағында көрсетiлген адамдардың кiрiстерiн қоспағанда, ата-анасы алатын ақшалай (ұлттық және (немесе) шетелдiк валютада) жалақының (ақшалай сыйақы, үлес) және өзге де кiрiстiң барлық түрлерiнен, оның iшiнде:
1) қызметкерлерге нақты жұмыс iстеген уақыты үшiн немесе орындаған жұмысы үшiн еңбек ақы төлеу жүйесiнде көзделген белгiленген лауазымдық айлықақыларға (мөлшерлемелерге) байланысты есептелген жалақыдан;
2) еңбекке ақы төлеу жүйесiнде көзделген қосымша ақылар мен үстеме ақылардың барлық түрлерiнен, сондай-ақ еңбек ақы төлеу қоры шегінде үнемделген қаражат немесе тиiстi мекеменi қамтуға көзделген қаражат есебiнен алынатын үстеме ақылардан;
3) еңбек ақы төлеу жүйесiнде көзделген сыйлықақылардан (ақшалай сыйақылардан);
4) мына:
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабының 7-тармағымен көзделген;
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 153, 155, 156, 157-баптарымен көзделген төлемдерді қоспағанда, барлық өтемақылардан;
5) демалыс уақытында сақталатын жалақыдан, сондай-ақ бiрнеше жылғы демалыстарды қосқан жағдайда ғана пайдаланылмаған демалысқа төленетiн ақшалай өтемақыдан;
6) комиссиялық сыйақыдан (сақтандыру агенттерiне, брокерлерге);
7) азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын және бiр жолғы сипаттағы емес шарттар бойынша орындалған жұмыстар, ұсынылған көрсетілген қызметтер үшiн алынған кірістерден;
8) авторлық сыйақы төлемдерінен;
9) зейнетақы төлемдерiнiң барлық түрлерiнен, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабымен көзделген жәрдемақыларды қоспағанда, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан, атаулы әлеуметтiк көмек сомаларынан;
10) бiлiм беру ұйымдарында білім алушыларға төленетiн стипендиялардан;
11) заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметпен айналысудан түскен кірістерден;
12) мүлiктi жалға беруден түскен кірістерден;
13) бағалы қағаздар бойынша түскен кірістерден және заңды тұлғаның мүлкiн басқаруға қатысудан түскен басқа да кірістерден;
14) «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1) тармақшасымен және «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағының 2) тармақшасымен көзделген кірістерден жүргізіледі.
2. Әскери қызметшiлерден, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен алимент ұстау қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты олар алатын төлемдердiң мынадай түрлерiнен:
1) лауазымдық жалақыдан, әскери, арнайы атақ бойынша берiлетiн жалақыдан, арнайы атақ немесе сыныптық шен үшін қосымша еңбекақыдан және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызмет өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн үстеме ақыдан;
2) «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1) тармақшасымен және «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 2) тармақшасымен көзделген;
3) еңбекақы төлеу жүйесiнде көзделген тұрақты әрі біржолғы сипаттағы және тиiстi органды қамтуға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын сыйақылардан (ақшалай сыйақылардан);
4) тиiстi органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебiнен алынатын үстеме ақылар мен қосымша ақылар сомасынан;
5) мына:
мертіккен жағдайда төленетiн бiр жолғы өтемақыны;
зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмыс үшiн өтемақы төлемдерiн;
табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жою кезiнде экологиялық әсерден зардап шеккендерге төленетін ақшалай соманы;
тұрғын үйді жалдағаны (жалға алу) үшін мақсатты өтемақыны;
жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына алушыға төленетін ақшалай өтемақыларын;
кепілдік берілген тегін медициналық көмектің көлемі шегінде емделуге жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
қызметі бойынша ауысқан, әскери қызметтен шығарылған кезде, стационарлық емделуге барған және кері қайтқан кезде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлікпен жол жүруге, сондай-ақ қызметі бойынша ауысқан және әскери қызметтен шығарылған кезде он тоннаға дейін жеке мүлікті тасымалдауға жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
пошта жөнелтілімдеріне арналған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
оқуға жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;
бір елді мекеннен басқасына қоныс аударуға байланысты қызмет бабымен ауысқан кездегі көтерме жәрдемақыны;
іссапарға жіберілген қызметкерлерге берілетін өтемақы төлемдерін;
коммуналдық көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстарды төлеу үшін төленетін ақшалай өтемақыларды;
әскери қызметшілердің көрсетілетін қызметтерге, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауымен байланысты келтірілген шығындарын өтеумен байланысты өтемақы төлемдерін;
6) әскери-оқу, арнайы оқу орындары курсанттарының (тыңдаушыларының) лауазымдық жалақыларын (стипендияларын) қоспағанда, барлық өтемақы түрлерінен жүргізіледі.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 21 қаңтардағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 10113 болып енгізілді.